Өлеңдер ✍️

  02.08.2022
  77


Автор: Бесінбай Бегеніш

БИІКТЕСІН СОЛАР ЖАТҚАН ТӨБЕЛЕР

(Қосжанов Қазданбайға)
Мойымайтын мықтылықты сілкіністі сезіммен
Қарайтын ең анау қырға көзілдірік көзіңмен,
Сағы сынған қыраттарды қалдырдың ба артыңа,
Жақсы жырды бауырыңа ап кеткенің бе өзіңмен?
Қарманамыз жырлайық деп кейде сенше жырларды,
Сезімдерге өзің бөлеп алып кеттің сырларды.
Шопан қызың өзі түгел жолатпайды маңына,
Әлдеқашан жырлаған деп, «жауыр қылма қырларды.»
Талант едің шапан жапқан талайларға өлеңмен,
Ақын едің жыр-шумақтың шуағына бөленген.
Енді , міне , арнау жазар жалтақ ақын аз емес,
Сені бірақ арасынан көре алмастан келем мен.
Қазақ тілдің маманы еді саған нағыз керегі,
Тілімізді шұбарлады кейінгі ұрпақ бөлегі.
Атқа мінер азаматым қарсы алдыма шығып-ап,
Бетпе-бетте есіп кетпей, ыңқылдаумен келеді.
Ұзтаз едің жалықпайтын үйретуден басқаны,
Оқытамыз,қорқытамыз, ұстаз жолы ақсады,
Күн-көруге жетер жетпес еңбек ақы аз ғана,
Ереуілші ұстаздарың заржақ болып қақсады,
Топырағың торқа болғыр, ақынжанды Қазданбай,
Зу-зу,ду-ду әңгімелер жетіп жатыр жазғандай.
Қозғалатын,қозғалмайтын мүліктердің иесі
Пайда болды алыпсатарғШығайбайдай азған бай.
Алпамсадай Одағымыз шалқасынан құлады-ай
Болып кетті жан-жағымыз алағай да бұлағай.
Кіржің тартқан қабағы бар пенделерді қарсы алды
Етек-жеңі салпылдаған «нарық» деген құдағай.
Ай мен күннен басқалары қалталыға сатылды,
Еркіндіктің кілтін аштық, айтам десең батылды,
Мен де жүрмін айқай топтың арасында кіжіңдеп,
Беріңдер деп айтып қоям Құландыға атыңды.
Рухтары жарылқасын күңіреніп кетпесін,
Неге керек қоса арқалап кеткендердің өкпесін?
Ей, пенделер! Бөлейік те , бөленейік сезімге,
Маздап жанып шырақтары, гүлдей болып көктесін.
Мақтанышпен шәкірттері сезім-нұрға бөленер,
Ақын жанды , қаз дауысты Қазданбайлар көбейер.
Ұлыларға қызғанбайық бір атауды қиюға,
Есесіне биіктейді солар жатқан төбелер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу