Өлеңдер ✍️

  02.08.2022
  90


Автор: Бесінбай Бегеніш

МЕНІҢ МАҚТАНЫШЫМ

Асан Қайғы да ойлаған еді бөктерсем деп сауырға,
Түбегім сонда ауыр ма әлде көлігі оның жауыр ма?
Үш рет кетіп , үш рет неге қарады!
Қимағандай-ақ қайталап келіп ауылға.
Білген ғой сонда мол байлық ұйып жатқанын,
«Жараспас,- депті – сауырға жерді артқаным,
Желмаямен жеті жыл үзбей кезгенде
Тояттап көңіл, Ауғанға қарай тартқаным...»
Естідім мен де бабалар соны айтқанын,
Тыңдадым күйін Қорқыт пен Абыл тартқанын.
Көргенім рас жаһанға бүгін жар салып,
Мұнайлы өлкем төсіңе айдар таққанын.
Өмірде сансыз «оңай» олжа жымысқы,
Көрсете алмай жарқыратып, паналайтын қуысты.
Қойнауыңда жүйткігін қара дарияң
Ынтызар етті батысты да, шығысты...
Кеудемді керіп, тереңнен алсам тынысты,
Табатынсың аралас жақын-туысты.
Ағылшын, қытай, жапон ба тіпті басқалар,
Сен үшін олар ортақ тіл тауып, ұғысты.
Әкелді тіпті долларын бүгін қапталап,
Шалқайсаң өзің , келетін түр бар арқалап.
Жаутаңдап көзді,тамсантып , көпті қаратың,
Кім көнер оған, қойсаң да енді алқалап?
Алпауыттардың қоздырып талай егесін,
Танылып Ақтау, айдынға салды кемесін.
«Жарылға!» деп дәметіп сеннен,қол жайса,
Қалайша көпті сөгесің?!
Басқалар-ақ сұлу сөз тауып теңесін,
Жар болып Аллам,шабытымды демесін.
Міндетім менің, өтей алсам, борышым


Көрсетсем деген көкірегімде жыр боп келесің?
Елестеттік күмәнді кеше сағымды,
Тасыттың бүгін қуаты күшті ағынды.
Армандап еді-ау ақындарда жырлауды,
Көрсек деп сенің осындай нұрлы шағыңды...
Сырыңды бүгіп, жасырып келсең кеше сен,
Суыртпақтап, лапылдап жандың, көсесем.
Талайлардың тамсанып қарап, толғанып,
Айта алмай кеткен ойларын мен өтесем!
Келген жоқпыз күнелту үшін кемді күн,
Таңдауға түстің, махаббаты көптің – сен бүгін.
Көмейде жатқан көл-көсір ойды айтуға
Ақ ниетпен бастағам жырды сенбі күн!
Бұралаң бұрым кезгенде Пекин көшесін,
Ұзатқан қызын құдадай, көңіл, өсесің,
Тіл табысып өзімен түстес жұбайдың
Билеттің бүгін нешесін?
Сылқылдап ағын, жылтылдап байлық барғанда,
Жарқылдап күліп, лақтырды бөрік әр маңда.
Шанхайдың халқы қызықтады ғасырды,
Шығып ап «Ұлы қорғанға!...»
Бағамдап қарап, оңында және солында
Қалыптастырып қайтадан «Жібек жолын да»
Көптігімен белгілі болған әлемге,
Күтсе егер сені , ыдысын ұстап қолында!
Соққандай жүрек бүлкілдеп жылы қойының,
Көтеріп жүгін жатқандай иық, мойының.
Әлемдік мұнай негізін құрап тұрғанда
Ұрпағымның ырысы ғой «Қазақ-Ойлым»
Жемісі бұл – ақыл мен адам ойының,
Аралға асты Қазақ Мұнай – Ойлың.
Жанкүйер жапон жұрағаты қуанып
Хабарын айтты тойының...
Дүние түгел мақтайды Индонезия көп ісін,
Іңкәрлік көзбен қарайды, өзіңдегі кемі үшін,
Бабаларымның қалдырған анау қойныңда
Сыбағасы мен үшін...
Әрине, бұл – ақыл мен ойдың жемісі,
Күңкілдеп күндес келді ме бірдене дегісі?
Шұқитын дәнін тауықтар да табылар,
Піссе егер кімнің егісі?..
Қоздырып мейлі сезімнің отын тербесін,
Осылай қарай аударып елдің делбесін,
Әлемнің бүгін алпауыттары бірақ та,
Қылғыта салар майшелпек құрлы көрмесін!
Арзандықпен қылғыта салса – Ерге сын,
Жақтырмай көңіл, ұнатпаса – жерге сын,
Түбегімнің мақтанышы – мұнай-газ
Алаулап жанып,сөнбесін!
Махаббаттын қоздырып, арманы болғай талайдың,
Тоғысқан жері , түйіскен жері сан ойдың.
Маңғыстау маңғаз мұнарасы әлемге
Асқақтап, мойынын созуын мен қалаймын!
Алласы жар боп , тәңірі оны қолдасын,
Сүрлеуін салып, шартарапқа тартты жол басын!
Ертеңгі менің ұрпағымның шығар биігі
Тұманды да, бұлыңғыр да болмасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу