Өлеңдер ✍️

  02.08.2022
  77


Автор: Бесінбай Бегеніш

МИЗАМТОРЫ

Көрінетін, дара шығып, сонау желдің өтінен,
Топқа түсіп, қиқу салған дауыстардан жетілген.
Қанжығада қалып жатқан сәйгүліктер қаншама?!
Шықты ілгері түйреп тастап шетінен.
Арттағылар ақ түтікпен көмейлете шаң қапқан,
Тамсанып та, көз сүзіп те қарайтынға қаң қатқан,
Аста, тойда Мизамторы ту көтеріп аспанға ,
Осындай бір даралығын аңғартқан...
Таңдай қаға тамсандырып , ел аузына ілінді ,
Әттең, тәйір, тосып бірде ит көздіктен сүрінді.
Бөтен залым ұлытқанда қызғаншақтың қаншығын.
Ой, ғажап – ай?! Көзге ілмейді бірінді!
Қашықтаса, әлгі көзден зымырап кеп зытады,
Озғандардың барлығы да шаңын қуып жұтады.
Жақындаса топқа қарай , басы айналып , мұнартып,
Тұзақ салып төрт аяққа , шырмауықша тұтады,
Осындай бір ит көздікті тілікті де бөтеннен,
Шыға шауып талай келді: «Қиып өтіп кетем мен»
Ақырында сүріндірді мәңгүрттікке айналып,
Қиянатқа бөтеннің де еті өлген...
Бір-бірімен күн мен түн де келетіндей алмасып,
Жамандыққа жақсылыққа қоймайды екен жармасып
Өткен талай арғымақты аяқ шалған қалдырып,
Осындайлар қояр қашан арбасын?!
Ерейменде ел қарғысын қарғыбаудай таққанда,
Құлагерді айбалтамен қапылыста шапқанда
Пенделікпен жер тарпыған тұлпарларға жармасқан
Батыраштар қалмай жүр ғой қапталда..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу