Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  183


Автор: Айсырға Қилыбаева

МЕНІҢ СЫНЫПТАСТАРЫМ

Ұшырды білім ұясы, сенімнің кілтін тапсырып...
Біріміз болдық жұмысшы, біріміз істеп хатшылық.
Маңғыстау емес, қазаққа келбетін ашқан мұнайшы,
Мақтанышымыз алғашқы – Жанғазытегі Жақсылық.
Қашанда тайғақ, жіңішке қыздардың жолы қиын-ды,
Біріне таудай өр жігіт, біріне тапал бұйырды.
Намыстың туын құлатпай, жолатпай қыбыр-сыбырды,
«Азамат» дейміз ардақтап Зия мен әкім Шырынды.
Жақсы оқитын Рысты, ыждаһатты, ақылды,
Аппақ қыз еді Зағипа, табиғаты тартымды.
Әкесі би Нұрбаулы – ел ағасы атанған,
Сөйлейтұғын тайсалмай, Шаңхан еді батымды.
Бекзада мінез Аманжол – үздігі еді сыныптың,
Есқуат – ашық, Оңайбай, Нұрлыбай, Асқар – тұйықтым.
25 жыл зерттеген Одақтағы ЗИЛ-дерді
Адилов қой маманы «торабында» Құрықтың.
Ұлан жасы – бала кез, кетпейді екен есіңнен,
Парталасым Ерсұлтан – есебін көп көшіргем.
Бәйгі, Сұлтан, Мәрліхан, Құлжан – маған етене,
Самда оқып, ең алғаш тұсауымыз кесілген.
Тегі қожа Жәмила –сыныптың ең сұлуы,
Есте ақкөңіл Жәния, Сайлауханның бұрымы.
«А» сыныптың қыздары – Алтыншаш пен Гүлмира,
Тоты, Зина, Жұмақыз, Ынтазар мен Оғылы.
Хасен сырбаз, сабырлы, асықпай, жәй сөйлейтін,
Үндемейтін Өтелген «ішімді өзің біл» дейтін.
Қояндарды қумай-ақ жатып ата салатын,
«Белдескенді» Лесхан тобығынан шалатын.
Шолпан дейтін сергек қыз, Сәнім биші – майысқан,
Сұлу әуен, әсем саз, бұлбұл әнші Рысхан –
Алматыны сергітіп, Маңғыстауды тербеткен,
Бір ауылда туғанбыз, арғы атамыз туысқан.
Кенташ асып-саспайтын, елгезек қой Ералы,
Туып-өскен Шайырда Қонақбай мен Төрәлі.
Алдаберген, Базартай – оташы мен есепші,
Кәсіптерін тастамай, жұмыс істеп жүр әлі..
Әнші қыздар Айсәуле, Алтын және Күләш бар,
Туып-өскен Таушықта Қарагөз, Күлән, Бияштар.
Несібелі, Рая, Рысбибі, Дәметкен, Роза мен Балсұлу,
Сәулеш, Закон, Балымжан, жайсаң, керім Динаш бар.
Лағындай еліктің мөлдіреген Ғалия,
Әрең-әрең сөйлейтін кербез еді Мәрия.
Бәйтен өте сыпайы, Ару ұяң, ибалы,
Мінезге бай ұстамды Шұға менен Әлия.
Шопанғали, Есенқос, Есқожа да бұйығы,
Қызық еді Айладыр, Ақбазардың қылығы.
Суретші Алтынбек құрметке бөленген
Шығарыпты жарыққа талай көркем туынды.
Көшев Бақыт заңгер боп еңбек жолын бастады,
Еті тірі Жиенбай көп мекеме басқарды.
Сәрсенғали, Әміржан ерте кетіп өмірден,
Жетісе алмай балалар, әкесінен жас қалды.
Шаяхмет, Кенжебай, Асан, Бәйіт, Тілеужан,
Қуаналы, Теңелген, білем жақсы Шайхыны.
Асылгерей, Аңшыбай, Өтеп, Таңбай, Далабай
Сақталыпты есімде бала кезі арқылы.
Осылардың бәрі де – менің сыныптастарым,
Бірге көрдік балғын шақ мөлдіреген аспанын.
Арадағы қырық жыл егделікті еншілеп,
Көшіп кеткен балалық, күмістетіп шаштарын.
Қанат жайған көгершін ауламыздан кетпесін,
Бақшамызда бүр жарып қайың, терек көктесін!
Қанаттарың қатайсын, оқып жатқан Шахтада,
Бүлдіршіндер монтиған – менің мектептестерім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу