Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  66


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҚАСИЕТТІ ШАҢЫРАҚ

(Шахта орта мектебін бұдан 40 жыл бұрын бітіріп кеткен 17-
түлектерінен сәлем)
Қауырсын қанат, өрімтал талпынып ұшқан ұяңнан,
Кәусардай бұлақ мөлдіреп, шарапат-нұрмен боялған.
Шәкіртің біздер кешегі, кемеңгер ақыл тербетіп,
Тебіндеп көркем қиялдан, зердесін ашып, оянған.
Жапырақ жайып қанатын, қарағай-үміт қаулаған,
Көгершін-кеуде керіліп, от-тамыр жүрек лаулаған.
Жәудіреп сәби жанарлар, күлкісі ән боп тараған,
Қоңырау – күміс сыңғыры, жауқазын бүршік айналаң.
Балапан қанат қаққанша ұясы болған Алтын бақ,
Қырық жыл шарлап қиянды, қаздарың келді қаңқылдап.
Сағымдай көшкен сансыз бұлт жасқанып күннің көзінен,
Жалт ете түсті жасын кез, балауса жүзі жарқылдап.
Түлегің түлеп, жетілді, жолдарын тауып қалаған,
Перзент боп туған халқына іскерлер шықты арадан.
Мұнайшы, ұстаз, дәрігер, инженер, ірі қайраткер
Тұлғалар шықты көрнекті, атағы елге тараған.
Қасиетті бұл мектеп –
Екібаев Жамбоздың білім алған мектебі,
Математик Торғайдың үні қалған мектебі.
Жұмалиев Берекет, Атымов пен Жұбаев бар қазаққа танымал,
Өнегелі өмірі ғалымдар мен дарындар ұшып шыққан ұядан
Алпыс жеті қатырма – тарихының беттері.
Шәкірт үшін болмайды ұстаздан артық ғұлама,
Балапандарын баптайтын, ұшыру үшін қияға.
Қасиетті шаңырақ, «Шахта» болып атауы,
Білім менен көмірге қайнар болған бұл ара.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу