Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  104


Автор: Айсырға Қилыбаева

ДАРХАН ЖҮРЕК

«Ғұмыр дейтін – өтетін көшкін» дейді,
Өткендерді елестер кескіндейді.
Шаршы төрде карта ойнап отыратын
Ағамыздың өр даусы естілмейді.
Біреулер өзін көрер «кереметтей»,
Жатса да кісілікке өре жетпей.
Безетін туыс, жолдас, ағайыннан,
Ақшадан басқа жақын керек етпей.
Ол мінез жараспайтын ағамызға,
Пейілі ұқсаған кең даламызға.
Тойлар ек мерейжасын төгіп-шашып,
Жүргенде жақсы ағамыз арамызда.
Аға кетті секілді көшкен арман,
Жақсылығы сақталып есте қалған.
Үгілмейтін Қаратау шақпағынан
Мүсінін өзі ойып істеп алған.
Жетпіске жатыр, аға, жасың келіп,
Еске алам рухыңа басымды иіп.
Ұл-қызың жатыр жақын, ағайынға
Өзіңе бағыштаған асын беріп.
Ақсаған талайларды жүрдің демеп,
Жан едің пейілі кең, дархан жүрек.
Жар болып әруағың, ардақты аға,
Бізді де жатқайсыңыз желеп-жебеп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу