Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  94


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЖОМАРТСЫҢ-АУ

Жомартсың-ау, көз жасы егілгенде
Жан-жүйкені қайғы-құрт кеміргенде.
Босаңсиды көңілдің желілері,
Қаталдықтан төзімің жеңілгенде.
Мұң қамаса, ішіңнен түтілесің,
Мүжи берер жігермен сілкімесең.
Еркінсисің, өзіңді өрге тартып,
Мейлі, түсінбейтіндер күңкілдесін.
Біреулерді көргенде, сүйсінесің,
Өз жайыңды ойласаң, күрсінесің.
Өмірдің мұз, тайғанақ жолдарында
Жығылсаң, жалғыз жүріп, кім сүйесін?!
Кейбір кезде жылайсың, күліп тұрып,
Ағаттық та жасайсың біліп тұрып.
Көрсетесің деңгейлес достарыңа
Жарақатын жүректің тіліп тұрып.
Өмірдің ойы да көп, қыры да көп,
Ол жайлы ақындардың жыры да көп.
Арманым биіктемес, жасып кетсем,
Қайғы-қасқыр, ішімде ұлыма тек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу