Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  101


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЖЕЛ СОҒЫП ТҰРАДЫ ҰДАЙЫ

Десем-дағы: «Иманым кәміл, тұнықпын»,
Көңілім – күңгірт, өмірім – быт-шыт, сынықпын.
Қатыгез жандар жаралап кеткен жазықсыз,
Қан-жоса болған жүректі жаспен жуыппын.
Күлгенім – жалған, жылағандарым – шынайы,
Кірген жоқ әлі жүзімнің анық шырайы.
Бойымды құрсап ызғарлы сыздың салқыны,
Теріскей жақтан жел соғып тұрды ұдайы.
Серпіле алмай, қертілдім талай, арыдым,
Табанымды мұзға да, шоққа қарыдым.
Жаралы жанға айығу үшін ем керек,
Сыздайды жүрек, білмейсің оны, жарығым!
Біреудің терең, біреудің керең кеудесі
Бәрі де – бірдей Алланың құлы, пендесі.
Әміршісіне бағынғанымен фәниде,
Белгілі ғой пендеге пенде көнбесі.
Кеуделі де жүр, өлмелі де жүр жер басып,
Өрелілер жүр көкірек көзін кеңге ашып.
Тірлігі үшін өрмелеп, өрден секіріп,
Кеміргіштерден жүгіргіштер де жүр қашып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу