Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  114


Автор: Айсырға Қилыбаева

АНАМ МЕНІҢ!

Анам менің – аяулы кием менің!
Сенсіз жұмбақ әлемді көрер ме едім?!
Сенің дархан пейілің, мейірімің,
Шалқар ауа, паң дала – демім менің.
Ақыл бердің, ұлағат, сана бердің,
«Алды-артыңа ойланып қара!» дедің.
Дәмін алып сүтіңнің, тілім шықты,
Омырауыңды аймалап, «Ана» дедім.
Ай мен күнді сыйлаған анам менің!
Қызықтаған бал тілді балаң едім.
Әкелмесең сен жарық дүниеге,
Тірлік иесі – адам боп қалар ма едім?!
Аппақ сүті әр берген анам менің!
Ақ жүзіңнен төгілген арай көрдім.
«Өміріңді құра біл, жолың ұзақ,
Өс, өркенде, туған жер – далаң» дедің.
«Өз жолымды өзімше табам» дедім,
Адалға ердім, алдамшы арамға ердім.
Ақ тілеудей желбіреп ақ жаулығың,
Ақ жол тілеп, алыста қала бердің.
Жастығыңның жарқылын маған бердің,
Алғаным көп, сыйым аз саған менің.
Қол жетпеді – аспаннан жұлдыз әкеп,
Омырауыңа алқа қып тағар едім.
Жаны жақұт, көңілі саз анам менің!
Жүргенімді биіктеу қалап едің.
Таяқ жедім, қайтейін, қиянаттан
Арым таза, жаным пәк, адал едім.
Қиналғанда қорғаным, панам едің,
Шуақ едің, жұп-жұмсақ самал едің.
Сен кеткелі күтімсіз, көңіл жетім,
Шағынғым кеп тұрады саған менің.
Жаурап жүрсем, құрғатып алар едің,
Қабағыма, қасыма қарар едің.
Аспан жақтан жай түсіп, тасқа соқтым,
Жазылмай жүр әлі сол жарам менің.
Қатал тағдыр мені көп қалжыратты,
Айдай ашық ажарды тұнжыратты.
Көкжиегі жеткізбей үміттердің,
Қараңғы түн жылатып, күн жұбатты.
Сен көрмеген күндерім мұңға толды,
Сен естімес құлағым шуға толды.
Сенің жастық бедерің өрнектеген
Жанарымнан нұр қашып, өңім солды.
Сүрлеу салдым тірліктің тарауына,
Түсініксіз жүргенім қай ауылда.
Қақпа жабық, қамалдым тар қапасқа,
Қатал тағдыр мелшиген қарауылда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу