Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  72


Автор: Айсырға Қилыбаева

КҮНКӨРІС

Көшеде машиналар тізіледі,
Ағы да, қарасы да кезігеді.
Сәуегей Асан атам машина емес,
Дүниені желмаямен кезіп еді.
Қуады, бірін-бірі қуалайды,
Дамылсыз жол үстінде домалайды.
Жұмабай таң атқаннан кешке дейін
Қаланың іші-сыртын аралайды.
Рульде қырық екі жыл отырыпты,
Май сасып, талай шалбар жыртылыпты.
Отыз жыл «водовозбен» су тасыған,
Шиырлап бес ауыл мен бір құдықты.
Келгелі бұл қалаға қадам басып,
Күнкөріс жасап жатыр адам тасып.
Ар құны, адам құны – жүз теңгелік,
Қу құлқын жіберіпті аранды ашып.
Күні-түн толастамай қарқыны бір,
Ала тер машиналар алқынып жүр.
Жол бойы жыбыр-жыбыр құрт сияқты,
Қаланы шырқ айналып, шарқ ұрып жүр.
Барады машиналар ағып өтіп,
Жаяуды бұрылыста қағып өтіп.
Жол бойы – қан ұйыған күрең таспа,
Жатса да ақпараттар шағым етіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу