Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  98


Автор: Қалбай Әбдіраманов

МЕН ЕГЕР СҰЛТАН БОЛСАМ...

І
Мен егер сұлтан болсам не істер едім,
Жаманды жақсы бол деп күштер едім.
Таптырып арамдықпен байығанды,
Жемқорға жегеніңді құс дер едім.
Алдымен ездің басын шабар едім,
Төменді абақтыға жабар едім.
Өтірік сөйлегеннің көзін шұқып,
Жатқызып дыр қамшымен сабар едім.
Түбіне жалғаншының жетер едім,
Жаманды жақ ашпастай етер едім.
Жаман күпі кисем де иығыма,
Мен елімді аспанға көтеремін!..
Өлсем бірге боламын халқымменен,
Айтқан сөзім тепе-тең антымменен.
Өз сөзімнің,ел-жұртым, Құдайымын,
Теңестірме сен мені әркімменен!..
ІІ
Жыртық бүтін болмайды жаматқанмен,
Жаман жақсы болмайды қаматқанмен.
Сұлтан қойсаң қоя бер,бұдан биік,
Жағаласып қайтемін Жаратқанмен!..
Иман шартым ең соңғы ел дер едім,
Ел деп жырлап теңіздей тербелемін.
Елім деген ең соңғы зергер едім,
Ел демеген пысықты тергер едім!..
Сұхбаттасар көңілім аспанменен,
Жүз мың тұзақ құрсаң да баспаңменен.
Қайта тұрдым көтеріп табытыңды,
Жүз ібіліс иықтан басқанменен.
ІІІ
Пірім-Қадыр, жолдасым-Тәңір екен,
Өнер жүгі, қара зіл , ауыр екен.
Алдым менің Төлеген,Мұқағали,
Сабыр түбі- ойласам ...қабір екен!
Қолы нанға жеткеннің бәрі өтірік,
Алданып жүре беру-жәбір екен!..
Кірпік ілсем түсімде ел көремін,
Қыннан шығып мен енді сермелемін!..
Озам деген жүйрікке жол беремін,
Жанам деген жүрекке жел беремін.
Хан басымды ханыңмен теңгеремін,
Өрт боп жанып,суыңмен өңделемін.
Жетпісімде мойындап кез-келгенді.
Сексенімде мен бәлкім жөнделемін!..
Күн ғып жағып мен сені,қалың қазақ,
Бесігіңде сәби боп тербелемін,




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу