Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  147


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ТӘУЕКЕЛ

Болдыңдар неден жасқаншақ,
Есікті неге қақпайсың?..
Өзің деп жүрген кісіге,
Өзгені неге мақтайсың?
Тәуекел түбі-желқайық,
Отырсаң жалғыз-кірлейсің.
Өзіңді күткен есікке,
Жұлқынып неге кірмейсің?..
Күндердің күні келгенде,
Адасу керек адамзат!
Ұтырын тауып бір жерде,
Жанасу керек адамзат!..
Құдай да болса бір күні,
Жаңылу керек адамзат!..
Бір-бірін ойлап,көрмесе,
Қамығу керек адамзат!..
Сарылу керек адамзат,
Сағыну керек адамзат.
(Махаббат деген-адал зат,
Махаббат деген –адал зат!..)
Жұмақ жоқ арғы әлемде,
Алдаумен өмір өткізбе.
Бір білмей кетсек “ол елге”,
Оралып келу жоқ бізге!..
Сыртылдай соғып әр сағат,
Секундтар асықтырады.
Кімдердің қолы жетпеген,
Кімдерге нәсіп қылады?..
Біреулер өтер имеңдеп,
Сүймеген де өтер сүйген боп.
Қырандар ұшқан тауларға,
Жылан да жетер...иреңдеп!
Бұл өмір деген-бақ сынау,
Өзіңдей көрме,тақсыр-ау!..
Таңылып таста жатқаннан,
Жаңылып өлген жақсылау!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу