Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  65


Автор: Қалбай Әбдіраманов

МОЙЫНДАУ

Мен сiздердi алдап жүр едiм,
Сөздерiме иланыңыздар.
Өтiрiкшi менiң жүрегiм,
Қиналмаңдар,қиналыңыздар!
Өкiнбеймiн ешкiм айтпаған,
Бiр шындықты айтқаным үшiн.
Өзiм зорға иелеп алған,
Мәртебемнен қайтқаным үшiн!
Мен оншалық ақын емеспiн,
Мен сияқты жұлдыздар сансыз.
Өлеңдерiм Пушкиннен төмен,
Қайғы-мұңым Абайдан әлсiз.
Жүз қызды мен сүйген шығармын,
Мойындауда болса мәрт iсi.
Тең жартысын мен тастап кетсем,
Менi тастап кеттi жартысы.
Өтiрiктен жыладым кейде,
Марқұмдарды аяту үшiн.
Жылар кезде жылай алмаған,
Салқындарды ояту үшiн.
Кей уақытта ие болмасам,
Кейде ие болдым қолдауға.
Ақиқатты көрсету үшiн,
Кейде тура келдi алдауға.
Көңiлiңе сенiң қол салдым,
Оңашада көзiңдi байлап.
Көңiлдегi хаттарыңызды,
Көпшiлiкке жiбердiм айдап.
Түсiрiңдер тақтарыңыздан,
Өшiрiңдер хаттарыңыздан.
Мен өмiрде не қазына тапсам,
Өздерiңнiң қатпарыңыздан!..
Осылайша үйрендiм аздан,
Iске қосып сезулерiмдi.
Махаббат...деп...Сол қызға жазған,
Баян еттiм сезiмдерiмдi.
Ұрымын мен!
Кәззаппын,елiм,
Өтiрiкшi,
Суайт қасқамын!
Иесi сен мына өлеңнiң,
Мына кiтап сенiң дастаның!..
Өздерiңдi алдадым қанша,
Әңгүдiктей,аңқау баладай.
Әлi қанша алдаймын сенi,
Қанша сүйгенiме қарамай!..
Шат болсын деп,оқырмандарым,
Мен былғандым қанша ласқа.
Сөйтiп сенi алдағандарым,
Кейде шығып жүрдi...расқа:
Себеп:қызға мұңайып жазған,
Өлеңiмдi жастар көшiрiп,
Баян етiп өз жүректерiн,
Кей уақытта кеттi қосылып.
Қосылыңдар,ерлi-зайыптар,
Қосылуда қандай айып бар!..
Қосылыңдар ,Едiл-Жайықтар,
Көк теңiзде жүзген қайықтар!..
Айырылғанда көңiл майырылды,
Қосылғанда көңiл шаттанды.
Соның үшiн басамыз кейде,
Қыз-қырқынға жазған хаттарды...
Жырлаймыз бiз мына өмiрдiң,
Сұлулығын,сымбатты екенiн.
Айрылысудың ащы екенiн,
Махаббаттың қымбатты екенiн!..
Гипноздардай арбап көздердi,
Айтпай әлденебiр сөздердi,
Жазбай жұлдыз,тау мен тастарды,
Араламай ай мен аспанды.
Жүрегiңде қандай сыр бар деп,
Үңiлемiн көздерiңiзге:
«Өздерiңнен жиғандарымды,
Айту үшiн...өздерiңiзге!..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу