Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  79


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ТАЙМАЙДЫ ДЕГЕН ТАБАНЫМ...

Таймайды деген табаным,
Жалтақ боп шықса неғылам.
Қас батыр деген адамым,
Қорқақ боп шықса неғылам.
Жорға деп жүрген арғымақ,
Жортақ боп шықса неғылам.
Менiкi деген балбұлақ,
Ортақ боп шықса неғылам.
Менiкi деген сырым бiр,
Сырттiкi болса неғылам.
Үйдiкi деген жұлынғыр,
Жұрттiкi болса неғылам.
Лаулаған от па дегенiм,
Суынды болса неғылам.
Таза деп iшкен-жегенiм,
Жуынды болса неғылам?!
Жауып бiр кеткен есiгiм,
Жылжыған болса неғылам.
Аңдып бiр жатқан iшiнде,
Сұржылан болса неғылам.
Аузымнан бiреу нанымды,
Алып бiр кетсе неғылам.
Бiлдiрмей бiреу аяқтан,
Шалып бiр кетсе неғылам.
Аулақта сөйтiп ақ қарға,
Аунатып кетсе неғылам.
Қалдырып қарлы боранда,
Жауратып кетсе неғылам.
Туылдым басқа,
Басқа өлем!
Менi атып кетсе неғылам.
Аузыма ұрып тас пенен,
Тонатып кетсе неғылам.
От пенен жаман ойнаған,
Сенсiзде жаман ойланам!
Джунглиге ұқсар бұл әлем,
Қасқыры тiсiн қайраған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу