Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  99


Автор: Оңайгүл Тұржан

СҮГІР-ЖЫР

Сол күндер қайда кетті думан-арман,
Құм кешкен.
«Апажарға» суға барған.
Маңғыстаудан Сүгір-жыр естілгенде,
Бала күнім шығады шулап алдан.
Тағдырдың жеддісі мен қауысында,
Мәрттік бар жыр-нөсердің жауысында.
Қара нар секілденіп тік келді,
Сүгір-жыр Амандықтың дауысында.
Сүгір-жыр көрер көздің жауын алып,
Сынық көңіл, сол жырмен сауығалық.
Отырам шулы әлемнің ортасында,
Сағынып,
Сүгір сазын тауып алып.
Сүгір-жыр күрке тіккен тар қыстауда,
Шерің бар жүк болғандай алпыс тауға.
Көшеді сағынышың Шағадамнан,
Шұбыра көшкен елдей Маңғыстауға.
Ата жұртқа көшуде батыр елің,
Көшті жұрт арғымақтай заты керім.
Бір тоқтаса, жаумастың даласында,
Бір жауса, тоқтамастың ақыны едің.
Ал,
Сүгір! –
Шөлге біткен дара даңғыл!
Тағы да түрегелші даладан бір.
Шөліркеп жатқан мына ел мен жерге,
Құйсын бір ақ жаңбыр мен аламан-жыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу