Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  85


Автор: Оңайгүл Тұржан

ОЙ

Күңгірт кеште күңгірттеу бөлме мынау,
әлсіз жарық, жанымды тербедің-ау.
Үміттерім секілді үзілмеген,
Әлсіреп тұрдың, бірақ, сөнбедің-ау.
Із-түзсіз жоғалады үйде кей күн,
Сол күндер жанымды көп түйрелейді.
Әлсіз сәуле астымен ойларымды,
Жарыққа сүйрелеймін.
Түн төнеді.
Тып-тыныш.
Үнсіз ғана.
Мен отырмын мұңды да. Мұңсыз ғана.
Ақ дәптердің бетінде тыныстайды,
Жырға айналып баратқан тылсым дала.
Көрік берген,
Сән берген жырларыма,
Із қалдырып менің де дидарыма,
Біреуі озып,
Біреуі кейін қалып,
Ойлар жатыр шашылып мида мына.
Осы ойлар мені жырмен жарастырған,
Түн ұйқымды төрт бөліп,
Таң астырған.
Кең дүниеге бәрі де шықсам дейді,
Жарық күн-ай, талайды таластырған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу