Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  82


Автор: Оңайгүл Тұржан

Таң атады қызыққа тоймағандай...

Таң атады қызыққа тоймағандай,
Кешке қайта батады ойлана алмай.
Қаптаған материктер арасында,
Алып Күн жасырынбақ ойнағандай.
Алып Күн.
Өзi өзiне арбалады,
өз сәулесiн қызықтап,
толғанады.
Аз ба өмiрде өзi өзiн жасағандар,
Әлiппе ұлы томға таңқалады.
Екi тау тұр, бiр ойға беттегендей,
Ортада – көл, берерiм көп дегендей.
Шөлдеп келiп сол көлден су iшкенде,
Екi тау бiр табақтан ет жегендей.
Ақ сәулесiн тұрады ай таратып,
Көк құрақ шаш тарайды шалқалатып.
Жаңғырық та сөнбеуге жаттығады,
Тауларға ол да өзiн қайталатып.
Дала жатыр көркемдеп гүл-етегiн,
Сағынышты мен де өрт боп жыр етемiн.
Жансақ деймiз от болып бәрiмiз де,
Бiле тұра от соңы күл екенiн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу