Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  102


Автор: Рахат Қосбармақ

СҰЛУЛЫҚТЫ ЖЕРЛЕУ

Ай жалаңаш тәнін тосып алдыма,
Шалқасынан жатыр, әне, шалжиып.
Жалаңаш Ай жан салмағын салды да,
Ауырлықтан әбден ақжем болды иық.
Қап-қара бір қан саулады сонда одан,
Бір жалаңбұт жұлдыз маған жүгірді.
Өшпенділік – өз анасын қорлаған
Маңып жүріп, маңдайыма тығылды.
Сорлы маңдай...
Тұтас тәні түршігіп,
Солып қалған гүлге айналды ол дереу.
Тегершігін кері бұрды тіршілік,
Жібіместей мұзға айналып Жер-бедеу.
Сосын менің солып қалған маңдайым
Жанарынан жай оқтарын ұшырды.
Тар шөл жаулап таза бұлақ таңдайын,
Қара тер боп, қайран Дүние қысылды.
Жауып тұрды жалаң найза – жай оғы,
Қаламдағы қара сия – қып-қызыл.
Жазық маңдай – жауыздықтың мәйегі,
Жап-жасыл бір жайра одан шықты ұзын.
Жасыл жайра аумайтұғын адамнан
Зәһар шашты жалғыздығын ұғынып.
Үсті-басы істік темір қадалған
Бір жалаңбұт жұлдыз жүрді жүгіріп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу