Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  76


Автор: Төлеген Жанғалиев

Қала ақыны мен дала ақыны.

“Ақындарда айырма жоқ” деседі,
Шыны айтсақ, бұл да сөздің бекері.
Дала менен қала ақыны бүгінде,
Бай мен кедей баласындай кешегі.
Бұл ойымды қалай ұқсаң, солай ұқ,
Ақындарды қадірлейтін халайық.
Екеуінің екі түрлі тірлігі,
Ел көзіне көрінгенмен зорайып.
Бірі оның кішігірім – жұмақта,
Шабыты да ұқсайтұғын құр атқа.
Абыр да жоқ, сабыр да жоқ, алаңсыз,
Ешбір дыбыс естілмейді құлаққа.
Жатса, тұрса өлең ғана алаңы,
Таста иіскемес паркет сүйген табаны.
Тойып тамақ ішіп алып, тоқ басып,
Ойхой, сонсоң оңды – солды жазады.
Ойларына орман түсіп, бір көрген,
Қайыңдар да қайта оралып бүрленген.
Сайын дала төскейінде жортады,
Сан жыл бұрын өзі салған іздермен.
Болмаған соң жырдан басқа жұмысы,
Жағдайына жаққаннан соң үй – іші.
Қала ақыны қалай жазбас шабытпен,
Қайтпайтұғын арқар құсап күйісі…
… Ал ауылдың ақындары бір бөлек,
Демейтұғын дем беретін күй керек.
Сайын дала саф ауасын жұтып ап,
Үйіп – төгіп жыр жазатын үйге кеп.
“Үйіп – төгіп” деген сөзім - өтірік,
(Кейде мен де кете берем көсіліп).
Ауылдастың жыр – шабыты тұрады,
Ауыспалы ток көзіндей секіріп.
Ой мен жырды қумаған соң алаңсыз,
Ауылдағы ақын жәйі қараусыз.
Жанын жеген “дерттен” қалай жазылар,
Жағдайсыз да жазады ол, амалсыз.
“Ойбай, бұзау еміп қойды жүгір” деп,
Жетіп келсе бәйбішесі дігірлеп.
Тастай салып жазып жатқан өлеңін,
Ата шығар ақын байғұс “жүгірмек”.
- “Күннің көзі жанып кетті, жарықтық,
Ана, ағашты, қоясың ба, табыт қып.
Ақ қағазды кеміргенмен не пайда,
Суарамыз, бар моторды алып шық”.
Тағы бұйрық, тағы – тағы тапсырма,
Ақын қалар көп шаруа астында.
Өлең шіркін суы қашқан өзендей,
Қас – қағымда айналады тас, құмға.
… Айырма ма, мұның бәрі, айырма,
Ақын болу – оңай емес ауылда.
Қанша жырлар арналмады – халыққа,
Қанша сырлар айтылмады – қайыңға.
Қанша ойлар ұшты желге ұшқалақ,
Қанша қиял қашты одан құсталап.
Алтын табақ Ай да кетті “өкпелеп”,
“Мырс - мырс” күлді Күн де мыс табақ.
Сырғып жүріп, сылтау іздер ақын ба,
Тастай қатар тағы үстелдің басында.
Ондай кезде оны оятпа, ағайын,
Шалық буған шабытынан шақырма!
… Қаладағы ақын көзі – далада,
Даладағы ақын көзі – қалада.
Екеуін де енжар жазса аяма,
Екеуін де ей, оқырман, аяла!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу