Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  70


Автор: Төлеген Жанғалиев

Сыр сұрама…

Сыр сұрама, қарағым, сыр сұрама,
Желөкпе жезде еміспін, мұрты қара.
Телміріп қарайтыным-теледидар,
Сол ғана бізге қалған бір сыбаға.
Апаң да сиыр сауып, жатып қалды,
Оның да ойлайтыны-ұйқы, маза.
Айлы түннің өзі де түнек бізге,
Тымырсық боп кетеді тылсым ауа.
Жұлдыздар жымыңдайды дейді өтірік,
Жылтыраған оның да сырты ғана.
Шоқтай боп шолпан жұлдыз тұрушы еді,
Үкідей кетіпті ғой үркіп о да.
Мауығады мысықтар үй сыртында,
Маңқылдайды көршінің иті ұрада.
Сыр сұрама, қарағым, сыр сұрама!
Сыр айтардай хал қалды қанша менде,
Әй, балдыз, батпағыңа тарта берме.
Батпаққа батып өлер жәйіміз жоқ,
Жер шұқып жеткен кезде орта белге.
Сыр сұрасаң, қарағым, қайда қалдың,
Маңырап, гүжілдеген марқа кезде.
Арқырап айдау бермей қоюшы едік,
Ақтылы қойдың шаңы толса көзге.
Аңдамай бірдеме айтып,бүлдіреміз.
Ау құрылып тұрмай ма, аусар ерге,
Әй, балдыз, батпағыңа тарта берме!
Менде емес, сыр-сандықтың кілті апаңда,
Өзің біл, ұрласаң да, сипасаң да.
Шіреніп жүргенменен тұсаулымын,
Шідер сап ұстамай ма, жұрт асауға.
Жездеңнің желкесіне бір шығарсың.
Жер тартып кете қалса түн-сапарға,
Өрт болып өрекпіген өлеңіме,
Өзің сонда ұғарсың, ұйқасам ба?
Өткен күн, өміріме өкінбеймін,
Өзіме-өзім, қарағым, күл шашам ба?
Су ішіп қандырғанмен қайран шөлді,
Удың да керегі бар бір татарға…
Менің барлық өлеңім – жүрегімде,
Жүрегімді балдызжан жырта салма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу