Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  68


Автор: Төлеген Жанғалиев

Құдай бізді ұмытты..

Құдай бізді ұмытты,
Ертеңі жоқ ел ме едік.
Бұрыс еттік дұрысты,
Дұрыстығын көз көріп.
Бұл не деген бассыздық,
Басшы-заман түлкісі.
Жақындарды жат қылдық,
Жаттан келсе бір кісі.
Төсегіміз былғанды,
Төсеніште – дін бөлек.
Қаны қазақ қыздарды,
Қара қытай сүйрелеп.
Жігіттерді біртуар,
Жіліктедік ұялмай.
Шыңырауда тұншығар,
Шындық үнін шығармай.
Тоқ қарындар тоқ басып,
Аш қарындар күркірер.
Анасымен соттасып,
Азған тентек сүйсінер.
Діндарларың дін ұстар,
Ділмарсиды құрансыз.
Молдаға да күдік бар,
Молда болмас күмәнсіз.
Меккеге де қызыға,
Барып жатыр қаншама.
Қажылықтың құны да,
Қарап қалды қалтаға.
Құдай бізді ұмытты,
Құлай сүйген пендес ек.
Сейілте алмай күдікті,
Селт етпейді сөйлесек.
Аққа оның жағы рас,
Ал қараға не десін.
Қоғамның да қолы лас,
«Қойыңдар» деп сөгетін.
Тілді жұтты көмейім,
Көмей-сөздің түрмесі.
Енді саған не дейін,
Ей, Пайғамбар үмбеті!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу