Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  126


Автор: Баян Тіленшина

Өмір деген –тартысы танымдардың

Ой толғап, шаршы топта сөз алатын,
Қоғамды алға бастар азаматым.
Тірліктен майда-шүйде биік тұрар,
Тілейтін тазалықты қазанатым.
Жүрегі анасы мен жан жарының,
Тірегі шөже үнді балдарының.
Сақтаған қасиетін шаңырақтың,
Сақшысы күліп атар таңдарымның.
Асқар тау азаматым, сен аман бол,
Соңынан еріп жүрер ел аман бол.
Жүрейік мерекелеп тойларыңды,
Мамаңа көкорайлы кең заман сол.
Дұшпансыз, жығары жоқ жан болмайды,
Бұйығы тіршілікте мән болмайды.
Өмір деген – тартысы танымдардың,
Ниеттес тілектеске таң болмайды.
Мықтылық – дұшпаныңды мойындатсаң,
Айтпай-ақ анашыңның ойын тапсаң.
Тамшылап ағар уақыт су секілді,
Уақытпен гүлденер-ау мойыл-бақшаң.
Өзіңе өмірімді ұластырдым,
Өлеңмен жан сырымды құрастырдым.
Келінге сыңар етіп, балапандап,
Сүйретіп өмір-көшін қыр астырдым.
Өмірге сен туылған күнің үшін,
Бабаңа ұқсап қалған түрің үшін,
Қымбаттым, ең қымбаттым фәнидегі,
Ризамын сендей арман –гүлім үшін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу