Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  67


Автор: Баян Тіленшина

Төсек тартқанда

Хабарсыз жатқаның не? Неғылғаның?
Бұлттансаң, өлең осып, төгіл, жаным!
Амандық артық екен бәрінен де,
Ауырсаң, Аллаңа атар мен –құрбаның!
Жарығым, сәулең неге көрінбеді?
Санамның босап кетті-ау өрімдері.
Миым да тұздалды ма, ашығаны-ай!
Көз алдым тұманданды. Көрінбеді!
Құлақта шілде қоңыз шуылдады,
Жүрегім – қазан-кеуде қуырдағы!
Құмдаққа түскен балық секілдімін,
Дәл мұндай күй кешпегем туылғалы.
От табын түйсінбейді күймегесін,
«Мен сенсіз өлем!» дедің. Сүйдегенсің!
Айтсаңшы, қайда жүрсің? Көлбеңдетер,
дараққа асылған сұм күйді елесің.
Жанардан сезім су боп жосығаны!
Қызғылт қан ауыр тартып, тасығаны!
Бір сұлу тапсаң етті азартегі,
Айтсаңшы? Тұрайыншы осы кәні!
Шығарып бір ауланың әбігерін,
Шошынып жетті жедел дәрігерің,
Ем-домын жасап жатыр. Білмейді әттең,
Бұл қызды жары емдеп, жары жерін.
Хабарсыз жатқаның не? Жатқаның не!?
Жанымды үнсіз оқпен атқаның не?
Шырылдап жылағанда сұр телефон,
Қарғып бір шапқым келер атқа міне.
...Тамшының терезені қанша ұрғанын
есептеп, Уақыт-дәуді қамшыладым.
Нар ма деп өкпе айтып ем жүреріңде,
Жетті ғой үнсіздікпен жаншығаның!
Білесің дәл осылай күйерімді,
Қалдырып тері мен құр сүйегімді.
Несіне өкпелейсің сөз айттың деп,
Білесің сол ерінді сүйеріңді.
Ойланшы баса-көктеп, бұра шаппай,
Бойыңда сөз есітер кінә жоқтай,
Сезімі қулық-сұмдық, шымылдықсыз,
Мен сенің әлдиіңмін шынашақтай.
Еркелеу өркені едім бір ананың,
Әперген Айдан басқа сұрағанын,
Екі апта жатқаныма төсек тартып,
Батпай ма саған ерте құлағаным?!
Өле алмай күттім, үнсіз жатқаның не?
Қосақтап махаббатты атпа бірге!
Мен қалай енеді екем риза болып,
Қоймаған өз қолыңмен жат қабірге?
Төсекте ой кеміріп, қуарамын,
Осындай нәзіктікпен туар ақын,
Сөйлеші ең болмаса телефоннан,
Мен тірі болсын десең, сұранамын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу