Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  74


Автор: Баян Тіленшина

Оян, қазақ!

О, қазағым –бәйтерегім, өртендің,
Өлеусіреп бозарған біз –өркенің,
Жер бетінен жоғалатын сәт келсе,
«Қызыл кітап» ашар саған ертең кім!?
Бес саусағың түйілгенде –тас-темір,
Санында емес, сазда шығар басты өмір!
Өртенгенге өрт салғандар, қуанба,
Күйген ағаш қайта жанса –таскөмір!
Сергі, халқым, ұйқылы-ояу қалпыңнан!
Ой-сана мен бірлік қымбат алтыннан!
Бірігейік ата-ата боп айтыспай,
Жүзге бөлген –жүзіқара ант ұрған!
Анам тапты. Ана сүтін емейін,
Рух тұғырын тіл тигізбей жебейін,
Өз тілінде сөйлей алмас мүсәпір,
Өзгелердің бұлбұл етпес көмейін.
Ата тегін ардақтатқан құрметтей,
Ұлан қайда ұлтын сүйер бірбеткей?
Өз тілінде еркін жылап, күлмеген –
қан тамырын қылыш қиған сұр беттей.
Бозғылт намыс, боз түсінік, боз өкпе...
Боз сезімдер құрт түсірер өзекке!
Боп –боз көзден сақта, Құдай, безерген,
Берген жанды алсаң-дағы ез етпе!
Мойынға сап безбен дүние белдігін,
Билер шешкен төрткүл дүние теңдігін,
Көңілі көр, сөз сіңбейтін санасыз,
Тоқтамсыз көп. Дауа табар енді кім!
Өмір –күрес, өлгеніңше бітпейді,
Жалынсаң да тілегенің күтпейді.
Атаң Қазақ арлы сөзге тоқтаған,
арын жықпа, дұшпаныңды жық мейлі!
Боз дүние! Бозарғанша жанса-шы!
Боп-боз көзден өкініш жас тамса-шы!
Үнсіз, тілсіз бозарады көп қазақ,
Тіл үйреніп, тілге келер қаншасы?!
О, Қазағым –бәйтерегім, өртендің!
Өлеусіреп, бозарған біз –өркенің!
Жер бетінен жоғалатын күн туса,
«Қызыл кітап» ашар саған ертең кім?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу