Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  72


Автор: Баян Тіленшина

Алдар - ішік

Не болды бұл? Кірмейсің түсіме де,
Ойлай-ойлай мұз миым үсіген бе?
Қорған таппай өлді ме гүл сезімім,
Шұрық тесік Алдардың ішігінде?
Хабарың жоқ. Қан жұттым.
Денің сау ма?
Бас сауғалап жүрсің бе әлде дауда?
Жігіт болып несіне жаралып ең,
Қорғана алмай іздейсің қыздан сауға)
Қайрақ-жігер айналып құмық-құмға,
Өзгердің бе, жан-жарым, ойсыз сұмға?
Неге енбейсің түсіме?
Айтшы неге?
Егізіңді шынымен ұмыттың ба?
Маған жалғар қыл сезім үзілді ме?
Мәңгі жаз деп көрсеттің күзімді де.
Мың-сан ойдан шатасып кеттім білем,
Мың елеспен көремін жүзіңді де.
Мен ұғамын, ел сені не десе де,
Ойлау бар да... Шешім жоқ неге сенде?
Ұят емес пе өзіңе осы жатыс,
Звондауға болмай ма келмесең де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу