Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  98


Автор: Баян Тіленшина

Ана

Аялап алақанда тербеткенім,
Ай, жұлдыз, күнге теңеп, ерке еткенім.
Жетеуміз желкілдеппіз өркен жайып,
Өзіңнен өзек алып бойжеткенмін.
Атыңнан айналайын асыл анам,
Көбейсін сәби орар жөргектерің.
Айналдым Зылихадай ана, атыңнан!
Тек қана мейірім, нұр таратылған,
Жандауам, жан жұлдызым, махаббатым,
Әулием, пірім сенсің мен жаралған!
Нәп- нәзік даусың тербеп жүрегімді,
Үкілі өлең қонар қанатыңнан.
Қашан да қабағымды баққан анам,
Бойымнан тек жақсыны тапқан анам,
Меңдеген еркеліктің түр-түріне,
Елітіп, сылқ-сылқ күліп жатқан анам.
«Еу, менің ақ қозымда ақыл көп!» деп,
Ақыл- ой бойтұмарын таққан анам.
Сенімнің семсер сертін сезіндірген,
Серт беріп сол Сенімге көз ілмегем!
Қалай да ақтаймын деп ақ сүтіңді,
Бойыма қуат жидым Төзім деген.
Қылыштың жүзін бастым қыл сезіммен,
Құрыштың өзі болдым езілмеген.
Үлпілдек мінезіңмен желпігенде,
Желкілдеп жұлдыз кездім қара түнде,
Жазықұлы Ғұмарға жиен болсам,
Нағашы емей, ұқсаймын енді кімге!?
Қаным Мәлік –батырдың тегі болса,
Жаралғам-ау екі жұрт теңдігінде




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу