Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  62


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ең алдымен ұғып ал...

Ең алдымен ұғып ал,
Ұққаныңды ұмытпа!
Жүріп алма құр текке
Сылтау тауып сыныққа,
Еріккенде ермек қып,
Сына қақпа ғұрыпқа,
Сусын ішпе кермек қып,
Айтар сөзді сұрыпта.
Лықсыған нәпсіңді
Дер кезінде құрықта,
Бүлдірмесін жақсыңды,
Көнбей кетіп ырыққа,
Айта берме бос өкпе,
Қирағанға құнықпа,
Құмар болма өсекке,
Таяқ жалғап сырыққа,
Шөлімді бір басам деп,
Ауыз шайма тұныққа,
Әуес болма ашам деп
Тұрған затты құлыпта.
Әр нәрсені бір сұрап
Бара берме ұлыққа,
Сараң итің қыңсылап,
Ақша тықпа шұлыққа,
Тап болмайсың тек сонда
Былық пенен шылыққа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу