Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  66


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жүзеге аспай көп арман

Жүзеге аспай көп арман
Су бетінде жоғалған
Із сияқты.
Құласа да көшкіні,
Селт етпеген ешбірі
Құз сияқты.
Тұла бойың мұздаған,
Балтырларың сыздаған
Күз сияқты.
Жөтел келіп тамаққа,
Қырау тұрған қабаққа
Мұз сияқты.
Біреу тұрса күрсініп,
Қылымсиды тіршілік
Қыз сияқты.
Сырқат болса заманың,
Піскілейді нала-мұң
Біз сияқты.
Жараны кім қасиды?
Ішің удай ашиды
Тұз сияқты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу