Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  80


Автор: Ақылбек Шаяхмет

О, ғажап-ай, кейбір титтей құмырсқа...

О, ғажап-ай, кейбір титтей құмырсқа,
Ұрты томпақ, қол-аяғы тым қысқа,
Аузына әкеп біреу асты салмаса,
Жарамайды екен мүлдем жұмысқа.
Қолқабыссыз сала алмаса илеуін,
Отыра ма күтіп бәрі күйреуін.
Сол құмырсқа тіл табысып басқамен,
Білсе керек кімді, қалай билеуін.
Қызметті санамайтын қоршылық,
Құмырсқаның басқа түрін жалшы қып,
Бейімделіп құлдыққа да сол тобыр,
Көрсетпейді екен тіпті қарсылық.
Адамдар бар асты шайнап бермесе,
Ас ішпейтін алдына алып келмесе.
Мына біздер көріп жүрген өмір де
Құмырсқаның илеуіндей ендеше.
Құмырсқаның көбі, бірақ, бейнетқор,
Мәңгі-бақи құлдық кебін кимек пе ол?
Терін төксе, еңбек етсе ерінбей,
Тіршілікте көреді екен зейнет мол.
Қиындықты жеңіп шығар күрескен,
Су бұзбай ма қатқан мұзды сірескен.
Өзгеге еткен жақсылық та қайтады,
Қыбырлаған құр қалмайды үлестен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу