Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  79


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Өсиетті өнеге етер өскен ел...

Өсиетті өнеге етер өскен ел,
Шоқ басқандар от басудан сескенер.
Тайыз судан балақ түріп өте алмас
Дәті жетіп терең суға түспеген.
Тұщы судың қасиетін білмейді
Шөлдегенде ащы суды ішпеген.
Жаяулардың шаршағанын көрмейді
Ғұмыр бойы ат үстінен түспеген.
Сырты тозып, асты озып тұрса да,
Астар бірдей бола ала ма тыспенен,
Тірлігінде сән-салтанат құрса да,
Бақа-шаян теңесе ме құспенен.
Тіл мен ерін көмекке егер келмесе,
Тамақты да жей алмайсың тіспенен,
Жүрегіңді ашу-ыза кернесе,
Мақсатыңа жете алмайсың күшпенен.
Қысты өткерген мезгілдің де жазы бар,
Алтын бірдей бағаланбас мыспенен,
Түбі, бірақ, сауап болып жазылар
Титтей ғана жақсылығың істеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу