Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  54


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Бір қалыпта ұстау қиын тіршіліктің безбенін...

Бір қалыпта ұстау қиын тіршіліктің безбенін,
Құс пенен құс айқасқанда шұқиды екен көздерін.
Үйірі үшін айғырлар да шайқасады аяусыз,
Төрт аяқты тең жұмсайды ішке тартып өз демін.
Текелердің от шығарса тасқа тиген тұяғы,
Екі қошқар бір қазанға қалай ғана сияды?!
Жануар да, ұшқан құс та, ең азулы жыртқыш та
Жанын отқа салады екен сақтау үшін ұяны.
Қарап тұрсаң – жерде, көкте, су ішінде – жарасым,
Көлбақа да қорымай ма көлшігі мен қоғасын.
Өзін қойып, тілейді екен ұрпағының саулығын
Қолтырауын азуына қысып алған баласын.
Мәңгі-бақи жалғасатын қан тамыры тірліктің,
Махаббаты, шапағаты, жанған оты бір жұптың.
Бел асса да, адасса да үйірімен бір болып,
Бірге жүру, бірге көру – көрінісі бірліктің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу