Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  72


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Көк күмбез

Бұл мазарды қанша ғажап десе де,
Әлі толық бітпей қалған кесене.
Бітпей жатса, бітірмей ме ұрпағы,
Бітуде емес, күтуде екен мәселе.
Игерсең де толағайдай табысты,
Ең алдымен бастау қиын әр істі.
Кез келген іс таусылмайтын бәсеке,
Аяқтау да қиын сосын жарысты.
Қос өкпесін сыққаннан соң тар жалған,
Қожа Ахмет жер астында зарланған.
Бұл фәниді қызық көрген пенделер,
Жұртты алдаған, өздері де алданған.
Тұрақ тапқан ата-баба үрдісі,
Зиярат қып келіп жатқан мың кісі,
Көк тастары шексіз көкпен астасқан,
Мына күмбез – алданбаудың үлгісі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу