Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  72


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Сен адамсың!

Ей, Алланың пендесі,
Ғұмыр кешіп келесің,
Қасиетті, қасіретті жерде осы.
Қанатыңды, бәлкім, кеңге сермерсің,
Бәлкім, босқа күшенерсің, терлерсің,
Сені соған мәжбүр қылған кім деші?!
Сен ағашсың!
Тамырың, әттең, қырқылған,
Жапырағың сарғаймай-ақ жыртылған,
Сумаңдаған жыландардай денеңе,
Оратылған шырмауықтан босамай,
Бұлшық етің бұлқынған жанартаудай жұлқынған,
Шыға алмаған, бірақ, заман ырқынан.
Қылығыңды қоясың ба,
Кемшілікті жоясың ба,
Қанағатқа тоясың ба? –
Бәрі қолдан келеді.
Қиындыққа шыдайтын да,
Өзін өзі сынайтын да,
Күлетін де, жылайтын да,
Сен адамсың – себебі!
Жануарсың аузыменен оттаған,
Арқа етің арша болып,
борбай етің борша болып,
Күндіз-түні тіпті тыным таппаған.
Соғымы үшін біреулердің бір күні
Бауыздалған, бірақ, жаны шықпаған...
Сен адамсың сүйек-еттен жаралған,
Табандарың қара жерден нәр алған,
Балық болып, хайуан болып, құс болып,
Өмір сүріп, ғұмыр бітіп, ақыры
Жер-ананың құрсағына оралған,
Сол құрсақтан қайта туып, жаңғырып,
Тіршіліксің бар әлемге таралған.
Кісі сүймес қылықтардан жиіркенген,
Бауырларың жер қойнына ерте енген,
Өткеніне шүкірлік қып, амалсыз,
Жақсылықты күтесің тек ертеңнен.
Өмір-бақи жақсы атанып жүрмейсің,
Көресіңді көрмей жерге кірмейсің.
«Қайтсем екен?» – деп жүргенде ойланып,
Мал секілді қол-аяғың байланып,
Жоныласың ағаштай,
тураласың қалаштай...
Неге, неге?
Оны өзің де білмейсің.
Сен адамсың, өйткені!
Қызыл гүл де жайнап тұрған,
Бұлбұл құс та сайрап тұрған,
Ыстық қан да қайнап тұрған,
Бір күн қатып-семеді.
Мезгілдерің бөлшектеулі,
Барар, көрер жер шектеулі,
Әрбір күнің есептеулі,
Сен адамсың – себебі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу