Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  72


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қала алмайсың жасырып

Түскен болсаң бақшасына өзгенің,
Көргендерің айтып берер көздерің.
Ауызға да қақпақ қоя алмассың,
Өздеріңе қарсы шығар сөздерің.
Ештеңені қала алмайсың жасырып,
Тәубаға кел!
Жаратқанға бас ұрып.
Мейлің шаруа, мейлің сондай бол дарын,
Білесің бе алда қандай жол барын?
Тырнағың да тиген жерің ұмытпас,
Ұстағанын айтып берер қолдарың.
Ештеңені қала алмайсың жасырып,
Тәубаға кел!
Жаратқанға бас ұрып.
Өткен өмір кеткенімен, түбінде
Еске алынар жақсы, жаман күнің де.
Естігенін айтып берсе құлағың,
Не жаласаң, табы қалар тіліңде.
Ештеңені қала алмайсың жасырып,
Тәубаға кел!
Жаратқанға бас ұрып.
Қайда тұрдың?
Қалай жүрдің?
Не істедің?
Тістегенің айтып берер тістерің.
Барған жерге куә болар аяғың,
Аллаға аян еткен барлық істерің.
Ештеңені қала алмайсың жасырып,
Тәубаға кел!
Жаратқанға бас ұрып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу