Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  95


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Адамға кім бар тең келер

Бір Алла артық жаратқан,
Адамға кім бар тең келер?!
Бас алмай арақ-шараптан,
Хайуан боп кетті пенделер.
Ішкен мәз, жеген тоқ болып,
Құлқынын мүлде тия алмай,
Қанағат тіпті жоқ болып,
Қауымнан жүр ғой ұялмай.
Дельфиндер судан атылып,
Шарқ ұрды көкте шағала.
Құрдымға ойлар батырып,
Түспеді жарық санаға.
Көргендей ажал жебесін,
Тартылып теңіз бара ма,
Киттер де ауыр денесін
Лақтырды келіп жағаға.
Тарылып жердің тынысы,
Ызасы ішке жиналып,
Төгіліп жиған ырысы,
Қаншама жатты қиналып.
Жанартау ақыр атылды
Мұхиттың жатқан түбінде.
Осының өзі ақырғы
Ескертпе шығар бүгінге.
Не беріп, нені аламыз,
Қайнаса өмір базардай,
Базарға кіріп барамыз,
Жанымыз түгел тазармай.
Тағарсың енді кімге айып,
Әзәзіл шықты не түрлі.
Қорлық пен зорлық ұлғайып,
Қарақшы пиғыл жетілді.
Зұлымдар сырын жасырып,
Сыйластық жібі үзілді,
Залымдар қулық асырып,
Замана райы бұзылды.
Жарыққа шығып кесірлер,
Нәпсіге дүлей ергелі,
Көбейіп жетім-жесірлер,
Жер жүзін жоқтау кернеді.
Өнеге болмай өткен іс,
Өлімге өзін байлаған
Жандарды көрсем, теп-тегіс
Миғұла-сынды айналам.
Арамға хақы желініп,
Момындар жүрсе аҺ ұрып,
Біреу жүр асып-төгіліп,
Ақшаны судай сапырып.
Ешкіге апа айналып,
Жезде де теке болған шақ,
Харамға барып байланып,
Жаманға тағы алдансақ.
Көк төсі қаққа айырылып,
Жік шықса жердің астынан,
Қарасақ артқа қайырылып,
Біздерде шығар лас күнә.
Бір Алла бәлкім кешірер
КүнәҺар болған пендесін.
Келген нұр көктің төсінен
Ендеше бізді емдесін.
Жүректен туып сыр түрлі,
Арылсақ дерттен қауіпті,
Қуантып байтақ жұртымды,
Серпілтер едік халықты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу