Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  68


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Айдала

Қайран, дала, боз дала,
Жүрек шерін қозғама.
Озар жылдар, тозар тән,
Қалар бізден сөз ғана.
«Елегізер жел де жоқ,
Елең етер үн де жоқ»,
Сырыңды айтып мұңдасар
Жандай досың мүлде жоқ.
Ми қайнатар шілдеде
Кетті шыжып күн неге?!
Жалғызсырап қалдым ғой
Отырғандай түрмеде.
Дос жасаса кұр есеп,
Баққандары кіл өсек,
«Нағыз тұлпар менмін!» – деп,
Айқайлайды бір есек.
Жүрегімде жатса мұң,
Өзіме өзім патшамын.
Жеткізбейтін армандай
Көлбеңдейді ақ сағым.
Сәлем бермес ханға да,
Жатыр маңғаз маң дала.
Тыңдап мені тұрғандай
Төрт құлақты там ғана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу