Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  65


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Тілек тілеп өтемін!

Бақ пен соры араласқан қоғамда,
Таза жүру оңай емес адамға.
Бір Алладан тілек тілеп өтемін,
Халал астар бұйырсын деп адалға.
Тіршілікке нұрын құйса ақ жарық,
Гүл өседі қара тасты қақ жарып.
Бала күліп, жүзі жайнап ананың,
Төңірегім болса деймін жап-жарық.
Бұл заманда қыбыр менен сыбыр көп,
Шуды кейде қабылдаймыз дүбір деп,
Қариялар отырғанда қол жайып,
Мен де ішімнен отырамын күбірлеп.
Алла бізді індет-дерттен сақтасын,
Айтпай келген жала-өрттен сақтасын,
Көлгірсіген жалған серттен сақтасын,
Қоғамдағы жендеттерден сақтасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу