Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  97


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

Жыр құмар жұрт өнерге кенелмегін...

Жыр құмар жұрт өнерге кенелмегін,
Кемеңгерім кенен ой кемелдерім.
Тірлігіңде ақынды бағалаңдар,
Кімге қажет өлген соң еленгенің.
Тірлігінде дарынның еленбегі,
Өзек жарды өлең-жыр берендері.
Мұқағали музасы мәңгілік қой,
Жұмекеннің тұңғиық тереңдігі.
Шырқау биік шабыты дара тұнба,
Төкпе жырда Төлеген жаңа тұлға.
Қанып ішкен қайнардан қайран дарын,
Әр сәт сайын алыстап барасың ба?
Ақын өтті өмірден толған-ағын,
Бұлбұл көмей тоқтатты салған әнін.
Таланттарды таныңдар ,тағылымды ал,
Тұйғын жырдың ұғыңдар самғағанын.
Өлең менің гүлзарым,гүл алаңым,
Ұнамағым мүмкін-ді сынамағың.
Бүгін айтқын бүкпесіз пікіріңді,
Ертең бәлкім кеш болар сұрамағым.
Дарынына теңгеріп ұлы Абайдың,
Мерген дерсің көздеген құралайды.
Бүгін байқа бағлан жыр байлап бердім,
Еріктісің сүлей-де, сына мейлі.
Өзегінен өріліп ой толғамы,
Айтсын ақын өлеңмен айта алмағын.
Өлгеннен соң оянбас ой саңлағы,
Мәрмәр мүсін ескерткіш қойсаң дағы.
Күмбір қағып көкірек күй сандығы,
Сөйлеп кетсін ашылып сыр сандығы.
Тыңда бүгін жыр-тұма бұлқынғанын,
Тірлігінде танылсын шіркін дарын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу