Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  73


Автор: Ғали Орманов

НҰРМОЛДА ЕСКЕРТКІШІ

Мекенін көрдім тағы Нұрмолданың,
Жүрмеген Нұрекеңмен бірге онда кім?
Кезінде ол өзі келген өңірлерге
Өмірдің тартыпты өшпес тың жолдарын.
Самсытып үй салдырса, жұрт көркейсе,
Көріпті орындалған күнде арманын...
Осынша елін сүйген ер жүрегі
Сыяр ма құшағына бір қорғанның!
Мейлің сен Шұбарда бол, Мұқыры кел,
Жырлайды Нұрмолданы бүкіл бір ел.
Осында өшпес мəңгі ізі жатыр
Көргенді емірентер, күрсіндірер.
Жаңа үйлер сап түзеген көшелер де
Еңбегін ескірмейтін түсіндірер.
Жылдарын Нұрекеңнің салады еске
Осынау жасаң тартқан құлпырып жер.
Өтерміз əлі талай осы тұстан,
Қарасын көз шалғандай бар тұрмыстан.
Жаңғырар құлаққа үні Нұрмолданың
Қашан да қарсы алатын деп «туысқан!»
Кезіміз кенет сонда түсер еске
Қалжыңдап талай-талай отырысқан.
Көзге тек күлімсіреп көрінбес ол,
Жүргендей қолы тимей көп жұмыстан...
Салдырған мектебі де тұр дүмбірлеп,
Бағы да тамылжып тұр бірге гүлдеп.
Өседі аясында бақытты өрен,
Қаперсіз көздерінде күн күлімдеп,
Қосады Нұрмолданы əнге осылар,
Олардай жан лебізін кім білдірмек?
Ең жақсы ескерткіштер сол емес пе,
Сақтаса сүйікті атын күллі жүрек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу