Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  74


Автор: Ғали Орманов

ЖЕР ТЫНЫСЫ

Жер қарт анаң өсірген сені асырап,
Қашан да ылғи қарайды саған сынап.
Бабын тапсаң, барын ол аямайды,
Ала алмайсың еш нəрсе алдап-сулап.
Сырын бүкпей сөйлейді саған ол шын,
Жайын ашық айтады қашан болсын.
Қайырыңды, қатеңді жасырмайды,
Секілді бір жанашыр адал досың.
Көңлін тапсаң, қарықсың олжасына,
Көк кілемі төсеулі жамбасыңа,
Кешеуілдеп кезінде, кердең тартсаң,
Кепіл емес қолың құр қалмасына.
Қайырсызға қатігез, қайсар, қалша,
Қайрылмайды саған да ол, көңілі қалса.
Күні өткен соң қолыңнан түк келмейді,
Бедірейіп алдыңда жатып алса.
Бабы келсе, иеді ол ағыл-тегіл,
Айналаңда шалқиды балғын өмір.
Белде тұрып, бусана сүйсінесің,
Берекеге толғандай барлық өңір!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу