Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  87


Автор: Ғали Орманов

ЫҚЫЛАС

Білемін, достым, сені мен,
Ісіңді көрдім сан алуан.
Тегінде жаның сонымен
Секілді бірге жаралған.
Қолыңа нені алсаң да
Істейсің ылғи шабытпен.
Қалпыңа сенің қашан да
Қараймын терең танып мен:
Көресің жүрек сезіммен
Алдыңа қандай іс келсе.
Ұқыпты сенің көзіңнен
Кетпейді шашау еш нəрсе.
Жұмыстың жүйе, сыры көп,
Жол үсті қиын есептеу...
Солардың сенде бірі жоқ
Көрінер қиыс, не селкеу.
Бітімің момын болғанмен,
Көңілің алғыр соғұрлы,
Қарай да қарай соған мен,
Сырыңды түйем сан қырлы.
Сөзің де батым сөйлеген
Жалтақсыз жарқын жəне үстем…
Жүйрік те солай бəйгеден
Келеді үдей шабыспен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу