Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  94


Автор: Ғали Орманов

МАХАББАТ БИІГІ

Ертеден ел аузында Шұбар ағаш,
Өсіпті қайың, терек шыңға аралас.
Қарағай қара бұйра жағасындай,
Сүйсініп суретіне кім қарамас!
Алқапта Лепсі жатыр, толқып ұдай,
Бітімі мөлдіреген көк шыныдай!
Қосылып ырғағына торғын орман,
Сызылып тартады ылғи бірге сырнай.
Шыңы тұр соған төніп Қайыңдының,
Алқаптың тыңдағандай дəйім үнін.
Елжіреп осы тауға қарайды жұрт,
Көргендей биігінен айын, күнін.
Қарадым көз айырмай мен де соған,
Бір ғажап бейне көріп ел жасаған:
Шың тұтас Лениннің суреті екен,
Аймақты түгел шолып тұрған содан.
Қызықтым бақыт қонған тау жайына,
Күн сайын аңыз болған маңайына.
Қасқиып шуақ шалған шың қабағы
Ильичтің сыйып кеткен маңдайына.
Қандай қол өрген оны, қандай өнер?
Бітімі қалай келген аумай шебер?
Көсемін жанға өлшеген мініскер жұрт,
Таппай ма ой өнерін нелер-нелер!
Көтеріп Ленинді ел биігіне,
Тартыпты таусылмас жыр бүгінгіге;
Тіл жетпес мейіріммен қарайды оған,
Жандарын төсегендей жылы күнге.
Жасаған махаббаттың белгісі деп,
Кетпейді көз алдымнан сол бір сурет.
Орнатқан ел жүрегін сезем оны,
Қасында қашан болсын көргісі кеп




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу