Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  104


Автор: Ғали Орманов

ҚАРАТАУ СЫЙЫ

Қаратау қырға шөккен қара атандай,
Көтерген қыруар жүкті талай-талай.
Жонында жылдар көшіп өтсе де оның,
Жатыпты көп аузында бір аталмай.
Ол онда шөкті ме екен жүкті ауырлап?
Таңсығы болмапты оның жұртқа бірақ.
Ол əлде қалыбынша қазына ма екен,
Жасырып жаратылыс тыққан ұрлап?
Көп заман жонын тосып көшпелі елге,
Тың жатқан тылсым оңай дес берер ме!
Түлігі түгін тартса,
тойынған жұрт,
Тауыңның қазынасын ескерер ме?
Жаз сайын жайласа оны ел дуылдап,
Жамыраса жартастары бірге шулап,
Жаңғырып көкірегі көмескілеу,
Жым-жырт тау соларға тек түрген құлақ.
Өнерпаз бүгінгі өрен келді соған,
Қаратау қалт қозғалды көп жусаған.
Қопара қазынасын қарулы қол,
Ағытты ағын алдын селге ұсаған.
Қаратау көтеріле көшті бүгін,
Күбітіп не заманғы ескі жүгін;
Лек-лек поездармен тартты ырғалып,
Қалың ел сүйсінгендей естіп үнін.
Деме оның ендігі бет-жөні қай жақ,
Қонысы қай-қайдағы егінді аймақ.
Тозыңқы топырақты ол тойындырып,
Түрлене толықсиды жерің жайнап.
Ұмыт боп қуаң жылдар сонша қиын,
Азыққа бар қазына,
толса үйің,
Аударған арқасынан жүгіне ұқсас
Танисың Қаратаудың тартқан сыйын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу