Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  169


Автор: Ғафу Қайырбеков

КҮН БАЛАСЫ

Қырауытқан қыс міне,
Аспан ашық, дөңгелек.
Целиноград үстіне
Күн келеді өрмелеп.
Түсіп қалған секілді
Кірпіктері көзінің,
Күндегіден бір түрлі,
Құлағы бар өзінің.
– Əже, əже! – деп Бақыт
Қойды қолын шошайтып.
– Күнді қара, бізге ұқсап
Алыпты құлақ жасатып.
– Жылы киін, құлыным,
Суық айдың келді іші.
Құлағы болса, ол күннің
Тоңғанының белгісі.
II
Келсе Бақыт класқа,
Көрсе ішін аралап,
Күндегіден бір басқа,
Күндегіден əдемі-ақ.
Бүкіл мектеп күнімен
Секілді бір той-тойлар.
Өңшең əсем киінген
Ағайлар мен апайлар.
Радио саңқылдап
Сөйледі осы арада:
«Батыр Титов – космонавт
Бүгін біздің қалада!..»
Қазір ме, əлде, түсте ме,
Айтты Титов келем! – деп,
Тыңның нағыз кішкене
Батырларын көрем, – деп.
III
Отыр Титов ортада,
«Күн баласы» кəдімгі!
Бойы биік ортадан,
Мінезі де сабырлы!
Басын сəл-сəл қисайтып,
Қарап Бақыт тоқталды.
«Жіберсеңіз сіз айтып,
Сұрағым бар!» – деп қалды.
– Осы біздің жер қандай,
Қарағанда күн жақтан?
– Бейне сенің шарыңдай
Көкжиекке орнатқан!
Шар болғанда ғажап шар
Тұратындай қозғалып,
Таулар, сулар, құрлықтар
Көрінеді көзге анық.
Мысалы, осы сен туған
Тың даланың үстінен,
Шолып қарап сыртынан
Талай рет ұштым мен.
Оқи бердім, құмарттым
Бұра алмастан бетімді,
Ғажайып бір ұлы ақын
Жазған дастан секілді.
Отаны дəн-алтынның
Жарқырайтын жазда мол,
Ұлы қазақ халқының
Дастаны ғой жазған ол!
– Бəрі саған көрінсе,
Жүріп көктің жолымен,
Жер мен Аспан, сеніңше,
Қайсы жақсы, сонымен?
– Демен сені түзетем,
Сұрау қойдың ең басты.
Жер дегенің – біз екен,
Біз болған соң, – жер жақсы!
– Енді менде сұрақ жоқ,
Болсын батыр тегін кім?
Жерден артық тұрақ жоқ
Дегенсін, мен жеңілдім.
Ду күлісті бəрі де,
Деді Титов – Жігітсің!
Жас болсаң да, əлі де,
Жер қадірін біліпсің!
IV
«Күн баласы» қоштасып
Кетті алысқа аттанып.
Күтіп отыр хаттасып,
Келеді деп көп халық.
Бақыт келіп үйіне
Айтты есінде қалды не.
Əжесіне түнімен
Шертті ұзақ əңгіме.
Сонда Титов депті оған:
«Жалған айтып не етейін.
Келесі бір сапарда
Өзіңді ала кетейін.
Сайлап «Восток» кемесін,
Бір жорыққа арнармыз.
«Жер мен аспан кеңесін»
Көкке барып жалғармыз».
«Дұрыс!» деген даусынан
Өзі оянып кетті оның.
Сонау қырдың астынан
Өрмеледі көкке Күн




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу