Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  65


Автор: Ғафу Қайырбеков

СƏБЕҢСІЗ ЖИЫРМА ЖЫЛ

Жиырма жыл. Уақыт жұлдыз қалай аққан,
Кеткелі Өмір-өлке уалаяттан,
Кəдімгі біздің Сəбең – сонша мезгіл,
Қазақтың онсыз таңы қалай атқан?!
Деймін мен, деймін дағы таң қаламын,
Сабазы кеше жүрген сар даланың
Дүние кемесінен түсіп қапты,
Тұсында «ажал» деген бір қаланың.
Жиырма жыл – бəрі соның кешегідей,
Ап-анық төрт амалдың есебіндей.
...Қасында қайран Сəбең келе жатам
Даланың даңқы биік көсеміндей.
Домалақ үлкен басын маған бұрып,
Сөйлейді мені де бір адам біліп,
«Есіңде қалсын» дей ме елдің сөзі
Тұрғанда жер үстінде аман жүріп.
Таяғы тық-тық етіп тасқа батып,
Баяғы өткен істі баспалатып,
Толқындай тоғытушы еді таудан аққан,
Тыңдаушы ем ауызымды ашпай батып.
Жүруші ек «кім асар» мен «Медеулетіп»,
Жолменен жалғыз аяқ белдеулетіп,
Ішінде жұпар иіс қарағайдың
Бірде тік, бірде түсіп, көлбеу кетіп.
Айтатын Мұхтарменен шың асқанын,
Үстінде əйдік айғыр «шалқасқаның»
Айтатын тас қияда тапа тал-түс
Таласып екі айғырдың шайқасқанын.
Тағы да талай-талай сөз кететін,
Асықпай əңгімесін өзгертетін,
Есіне түседі ылғи сол сағаттар
Жас келіп əлсін-əлсін көзге жетім.
Жиырма жыл – мынау дүние көшесінен
Кетіпті өмір ағып есесімен.
Ал, Апа, құйып жібер дəм татайын
Сəбеңнің шай ішкен бір кесесімен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу