Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  85


Автор: Ғафу Қайырбеков

Құдайға жақындардың таза бəрі...

Құдайға жақындардың таза бəрі,
Таусылмас жердегінің азабы əлі...
Құртуға өзін-өзі адам асық,
Аздай-ақ жаратқанның жазалары.
Тау Көкше, Айың – айбар,
Күнің – шабыт,
Қараушы ем көлге түсіп,
жуынса бұлт.
Тұрмыстың ақ жанымды
кірі шалса,
Қайтушы ем саған барып,
мұңым шағып.
Сонда сен жұбатушы ең сүйіп,
құшып,
Кетуші ем қайта шалқып,
биікке ұшып.
Қалықтап «Жеке батыр» маңайында,
Қанатым күн сəулесін қиып түсіп.
Қайтадан ұшушы едім
қарсы құсқа,
Асыққан оңтүстікке осы тұста.
Ақ бұлтқа саусағыммен жыр жазушы ем,
Қаламым жерде қалып қапылыста.
Содан соң қонушы едім
шың басына.
Зулаған екпінімді бір басуға.
Етектен өрлеуші еді қыз-қарағай
Ақынмен оңашада сырласуға.
Хош иіс, жұпар самал арбап мені,
Төменде Бурабайдың жайнап көлі.
Сыңқылдап қыз күлкілі шағалалар
Шақырып, мені еркіме қоймап па еді?!
Сонда мен жолыққандай
арманыма.
Бір қарап жалын көзбен
жан-жағыма,
Басынан «Оқжетпестің» қарғушы
едім,
Қарамай өлгеніме, қалғаныма.
Сағындым, сағыныппын соның бəрін,
Есімде шаршағаным, демалғаным.
Тек қана ақын жайлар мекен едің,
Белгісіз маған бүгін не болғаның...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу