Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  83


Автор: Ғафу Қайырбеков

Кел, көктем, келші көктем, кеудеңді тос...

Кел, көктем, келші көктем, кеудеңді тос,
Сен едің ежелгі дос, беделді дос,
Алысқа, əкет мені бір сапарға,
Қасыма ескі серік өлеңді қос!
Баяғы есіңде ме ақбоз атым,
Бəйгеге салған бойда, сəтте озатын,
Өзі де, ер тоқымы бірдей тозып,
Бұл күнде жағдайы оның жоққа жақын.
Болмайды ылғи іштен тынса кісі,
Əуелде болған болса шын дауысы.
Шіркіннің бір айқайы қалған шығар,
Тұлпардың қалғандай-ақ бір шабысы.
Ал, көктем, көтер мені жеңіл қолмен,
Кезімде сені көріп көңілденген.
Шаң басқан қанатымды бір сілкейін,
Сау болса қауырсыны сөгілгеннен.
І
Сағынған кең серуен – көк айнасын,
Байғұсың ең əуелі бір айналсын,
Содан соң шыр айналсын шырқау жақты,
Аймалап, айдарымен жел ойнасын.
Кəрі құс, – жап-жас көңіл қайран шабыт,
Қайтсын бір мекеніне сайран салып,
Сол кезде нөсерлетіп құяр, бəлкім,
Өлеңнен төбесіне айналса бұлт.
Ия, солай алшы, көктем, бір сергітіп.
Жұмбақтың көкірегіме желі бітіп,
Қалайын жалғыз сəтке құдайсынып,
Əйтпесе, неғылам мен сені күтіп?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу