Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  117


Автор: Ғафу Қайырбеков

КӨКТЕМДІ ШАҚЫРУ

Көктем, əлі тастамапсың сен мені,
Таусылмайтын рахаттай жердегі,
Тағы да бір құлағыма келеді,
Алыс қалған жас дəуреннің əндері.
Əлде сенің атың ба екен – əн аты,
Ақындарды алып ұшар қанаты.
Қайту үшін торғын көкте жуынып,
Бұл өмірдің туса сəтті сағаты?!
Неге саған осыншама құмартам,
«Тағы да бір туар көктем, туар таң», –
Деймін дағы өзімді алға сүйреймін,
Шаршап қалған жүрегіме жүк артам.
Дəл осылай сынық қанат көбелек
Күн шыққанда алтын сəуле себелеп.
Қонушы еді жақындағы бір гүлге,
Көрінетін соның өзі керемет.
Гүлден гүлге секіретін күн қайда,
Қалмау үшін қайран басы бір сайда,
Қанағат қып жалғыз гүлдін жұпарын
Жатушы еді құлдық етіп құдайға.
Қайран көктем, менің туған нағашым,
Қартайсам да еркелетіп бағасың.
Тағы да сен ескі жүлге – тамырда
Қанды қозғап, шымырлатып барасың.
Көктем, көктем, бір жасама, көп жаса,
Болар еді бұл тіршілік далбаса,
Сен болмасаң, сен келеді – деген бір
Асыл үміт, жасыл үміт болмаса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу