Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  133


Автор: Ғафу Қайырбеков

ƏЛЖАППАР ƏБІШЕВ

(80 жасында)
Сексенде сексеуілдің шомбалындай,
Келесің қопарылмай, қолға алынбай.
Таптырмас көңіліңнің қалтарысы
Даланың айқыш-ұйқыш жолдарындай.
Шарболат тасқа шапсаң майрылмайтын,
Қас бүркіт май берсең де қайрылмайтын,
Арқаның ақпандағы көк шуланы
Азуын басқан жерден айрылмайтын.
Ойларын адам болмас жобалайтын,
Қойындай айдап əкеп қоралайтын,
Сел құмар Алатаудың үйдей тасы
Қапыда тас төбеңнен домалайтын.
Сөзі бар мірден бетер, оқтан айқын,
Тесіліп айтарында көп қарайтын.
Зырлауық адырнаның сұр жебесі
Сіңірі үзілгенше тоқтамайтын.
Шахтердің көмір қазғыш шотындай-ақ,
Жалықпай жарды соғар толқындай-ақ,
Шоғынан бір қауым ел жылынатын
Орданың ошақтағы отындай-ақ.
Өкпек жел бет қаратпай ықтыратын,
Шындықтың шырағындай тік тұратын.
Осымен мақтауымды болып қалдым –
Аман бол, асыл аға, мықты қартым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу