Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  109


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖАСЫБАЙМЕН ТІЛДЕСУ

Сенбісің Баяндағы көл Жасыбай,
Қазақша «мөлдіреген көз жасындай».
Анау бір қыз қарағай, ару қайың
Қарайтын күнде тұрып айнасындай.
Жоқ, жоқ, жоқ! Ескі теңеу мұның бəрі,
Бұқардың айтып кеткен жырындағы.
Соңынан соншама ақын қайталаған.
Енді оған кіре бермес тілдің дəмі.
Сен болсаң, құбылыссың, қайталанбас,,
Жеткізіп адам сөзі айта да алмас.
Тілдің де өткірлігі иесінен,
Жүзінен қайрамасаң қайтады алмас.
Көздің де өткірлігі иесінен,
Мың тарау құбылыстың жүйесімен
Ойыңды жалғастырып қарау керек, –
Мəңгілік кетпейтіндей бір есіңнен.
Əйтпесе, көз адамның бəрінде бар,
Бермесе көргенінен көңіл хабар,
Ақылсыз көз дегенің –жансыз айна,
Əншейін қара десең – қарай салар! –
Дегендей: «жерім қайсы қатты ұнаған,
Болсаң сен айтып берші ақын адам?! –
Қадалып менің қарауым ештеме емес,
Үн-түнсіз сенің қарауың батты маған.
Жатырсың еркек таулар ортасында,
Қыз басың оңашадан қорқасың ба.
Кеш батса бар денеңмен дірілдейсің –
Шыдамай жігіттердің қолқасына.
Таң атса – тағы таза тұрмыстасың.
Күндіз ғой, білегіңнен кім ұстасын.
Еркелеп еркіндікке той жасайсың,
Шашылып жағалауға күміс шашың.
Бетіңде нұр ойнайды жұқа күрең,
Жуынып таңғы ауаның жұпарымен,
Манаурап тау-жігіттер өкпе айтады,
Түндегі қанбай қалған іңкəрімен.
Күлесің, басыңды изеп сəлемдесіп,
Келгендей қастарына əлем көшіп,
Балқиды сұлулықтың мысы басып,
Тұрғандар жаңа ғана «бəлем!» – десіп.
Мадақтап сондай жұмақ жердің барын
Тарқатқан табиғаты көз құмарын,
Баянның əсемдігі жайында əнді
Қосылып айтасыңдар енді бəрің.
Содан соң, тату туыс жөнге келіп,
Ортада би билейсің дөңгеленіп,
Қос етек көйлегіңдей қос-қос толқын
Мен тұрған жығылады дөңге келіп.
Тастаған əн олжасын алам қағып,
Шыдасын бұл думанға адам неғып,
Бас қосып жер ақыны, ел ақыны –
Жағаңа ə – дегенше, келер халық.
Келер де, мініп алып бір-бір қайық,
Шырқатса, манағыдан жыр ұлғайып,
Жай жатқан шашын өріп кербез сұлу, –
Кетесің біраздан соң əнге айналып.
Қалмайды оған самал, қосылмай жел, –
«Менікі осындай қыз, осындай көл,
Өлсем де оны жауға бермеспін – деп,
Асуда жатыр анау Жасыбай ер.
Олжабай оған қоса найза ойнатқан,
Он жауды бір-ақ шаншып, ойбайлатқан,
Көл-көсір жарадар боп, көлді бермей
Қасына інісінің ол да жатқан.
«Осылай сен тарихтың айнасы боп,
Таулардың аясында жайғасып өт!» –
Деген бір сонау ерлер батасы едің, –
Құр жалаң сұлулықтың пайдасы жоқ.
Көрікке қарау керек мағынамен, –
Дегенім сол еді ғой бағана мен, –
Қайталап «дұрыс», «дұрыс» – деген сөзді,
Толқисың сыймайтындай жағаңа кең.
Ендеше – ақын да көл, батыр да көл,
Сұлу көл бауыр, туыс жақын да көл, –
Сен жаса, менің асау өлеңімдей
Аспанға толқыныңды лақтыра бер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу